среда, 25 июня 2014 г.

Сайын Мұратбеков



Сайын Мұратбеков (1936-2007)

 «Сайын –көркем әдебиеттің табиғатын, оның ішінде әңгіме мен повесті жан-тәнімен, жүрегімен сезіп, жаратылысын, табиғи сырын терең түсінетін сезімтал жазушы».
Бекежан Тілегенов


Мұратбеков Сайын  (15.10.1936 жылы Талдықорған облысы, Қапал ауданы, Қоңыр ауылы) –  жазушы, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1997). Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген (1963). Мәскеудегі Әдебиет институты жанындағы жоғары курсты (1971) бітірген. 1954-1962 жылдары туған ауылында жұмысшы, мұғалім, аудан, облыс газеттерінде әдеби қызметкер, 1962-1972 жылдары «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби қызметкер, әдеби кеңесші және Көркем әдебиетті насихаттау бөлімінің директоры, 1972-1977 жылдары  Мәдениет бөлімінің меңгерушісі, басқарма хатшысы. 1977- 1980 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, бас редактор (1977-1984). «Қазақфильм» киностудиясында аға редактор,  1980-1984 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, 1984-1986 жылдары «Жазушы» баспасының директоры, 1988-1991 жылдары ҚЖО-ның екінші хатшысы, 1992-1996 жылдары«Халық конгресі» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. 1989 жылдан халықаралық «Невада-Семей» қозғалысы басшыларының бірі. ХI сайланған ҚСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Мәскеу баспаларынан әр жылдары «Дикая яблоня», «На вершине Учкары», «Запах полыни», «У теплого родника», т.б. кітаптары жарық көрген. Осы кітаптары өзбек, татар, украин, беларусь, грузин, армян, әзербайжан, литва т.б. тілдерде басылып шыққан. «Жусан иісі» повестері мен әңгімелері араб тілінде жеке кітап болып басылған. «Тел өскен ұл» («Возвращение сына» реж.Ш.Бейсенбаев; 1976) кинофильмі сценарийінің авторы. Ә.Әлімжановтың роман-повестерін, Г.Толмачевтің, О.Сүлейменов, Д.Қонаев, Н.Назарбаев туралы деректі повестерін, Африка жазушысы Алекс ла Гуманың «Тас ғалам» романын, тәжік классигі С.Айнидің «Вобкенттік Шүкірбек» (1963), орыс жазушысы Ю.Казаковтың «Қыру – шыру» (1964), украин жазушысы О.Гончардың «Қас- қаққандай бақыт үшін» (1966) туындыларын қазақ тіліне тәржімалады. Жүзден астам көркемсуретті фильмдерді  қазақ тіліне аударған. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған (1981). «Тарлан» сыйлығының иегері (2004), бірнеше медальдардың иегері, ҚР жазушылар одағының М.Әуезов атындағы сыйлықтың лауреаты (1990). 
Жазушының алғашқы әңгімесі 1954 жылы жарық көрді. Халықтың соғыстан кейінгі тұрмысы мен қазақ ауылының, замандастарының тыныс-тіршілігін шынайы сомдаған «Ауыл оты», «Отау үй», «Көкорай», «Дос іздеп жүрмін», «Өліара», «Басында Үшқараның», т.б. ұлттық бояуының қанықтығымен танылды. Әсіресе «Жусан иісі», «Жабайы алма» сынды әңгіме, повестері қазақ әдебиетінің көркемдік көкжиегін кеңейткен шығармалар. Адам жан дүниесінің нәзік иірімдерін ұлттық мінез бен тіршіліктің ішкі заңдылықтары арқылы дәлдікпен зерлеген «Менің қарындасым» әңгімесі психологиялық туынды. Әңгімеде алғашқы махаббат, кіршіксіз тұнық сезім, адамның есею, қалыптасу жолдары көркем тілмен көрініс тапқан.

С. Мұратбеков шығармалары:
1. Мұратбеков С. Шығармалар жинағы. Т.1.-Алматы: Өлке, 2005.-320б.
2. Мұратбеков С. Шығармалар жинағы. Т.2. - Алматы: Өлке, 2006. - 240 б.
3. Мұратбеков С. Екі томдық таңдамалы шығармалар.- Алматы: Жазушы, 1991. - Т.1: Повестер, әңгімелер. - 464 б.
4. Мұратбеков С.  Жабайы алма: Повесть / Сайын Мұратбеков.- Алматы: Ан Арыс, 2010. - 400 б.
5. Мұратбеков С.  Жабайы алма: Повесть / Сайын Мұратбеков. - Алматы: Атамұра, 2002. - 400 б.
6. Мұратбеков С. Басында Үшқараның... - Алматы: Қазақстан, 2010. - 480 б. 
7. Мұратбеков С.  Ескек жел: Әңгімелер. - Алматы: Раритет, 2004. - 280 б.
8. Мұратбеков С.  Жабайы алма: Повесть және әңгімелер / Сайын Мұратбеков.- Алматы: Жазушы, 1981. - 480 б. 

Ол туралы:  
1.Айтхожина М. Салқар даланың Сайыны [Мәтін]//Қазақ әдебиеті.-2008.-8-14ақпан.-10б. 
2.Асылбеков С. .Сайын Мұратбековтың көркемдік әлемі [Мәтін] / С. Асылбеков //Керуен.-2009.-N2.-52-60б.         
3.Аупбаев Ж. Бәйге аты мүсінін жасырады [Мәтін] / Жанболат Аупбаев //Жалын.-2010.-N4.-18-24 б.  
4.Бердібаев Р. Өмір суреттері [Мәтін] / Р. Бердібаев //Жалын-2010.-N4.-24-26б.
5.Елубай С. .Басында Үшқараның [Мәтін] / Смағұл Елубай //Жалын.-2010.-N4.-10-14б.
6.Жұпарғалиева А. Сайын Мұратбековтың адам образын жасаудағы шеберлігі//Қазақ тілі мен әдебиеті.-2006.-N6.-73-76б.
7.Қаупынбайұлы Т. Сайын Мұратбеков туралы сөз [Мәтін] / Төлен Қаупынбайұлы //Қазақ әдебиеті.-2011.-12-18 тамыз.-6б.
8.Мұратбекова М. Балалық шақтың "Жабайы алмасы" [Мәтін] / Мәрия Мұратбекова //Қазақ әдебиет.і-2011.-21қаңтар.-5б.
9.Тілегенов Б. Әдебиет - оның өмірі [Мәтін] / Бекежан Тілегенов, Владислав Владимирович //Жалын.-2010.-N4.-15-18б.
10. Мұратбекова М. Балалық шақтың  «Жабайы алмасы»: жазушы С. Мұратбеков туралы // Ана тілі. - 2011. - 21 қаңтар.
11. Қаупынбайұлы Т. С. Мұратбеков туралы сөз // Қазақ әдебиеті. - 2011. - 12 тамыз.
12.Мұратбеков С. «Жабайы алма»: повестен бала өміріне байланысты үзінділер // Мөлдір бұлақ. - 2014. - №2. - 16-17б.

«БІР ЕЛ - БІР КІТАП» АКЦИЯСЫ - 2014 ж.






«БІР ЕЛ - БІР КІТАП» АКЦИЯСЫ - 2014 ж.
Қазақ әдебиетін насихаттау, тарихи-мәдени және рухани мұрамызды сақтау, жастарды отаншылдыққа, өнегелілікке тәрбиелеу, сондай-ақ, оқырмандарды әдеби-көркем кітаптарды оқуға, кітапханаға тартуға бағытталған «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы биыл сегізінші рет ұйымдастырылуда.
Академик Ғарифолла Есімнің төрағалығымен өткен талқылауға ұйымдастыру комитетінің мүшелері  – ҚР Парламенті Сенатының депутаты, жазушы Жабал Ерғалиев, жазушы, профессор Тұрсын Жұртбай, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің проректоры, профессор Дихан Қамзабекұлы, жазушы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының төрағасы Несіпбек Айтұлы, «Қазақстан» ТРК төрайымы Нұржан Мұхамеджанова, Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры Әлібек Асқар, «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары, ғалым Жарасбай Сүлейменов, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы, ақын Амантай Шәріп, аудармашы-жазушы, Мәдениет қайраткері Ақайдар Ысымұлы, Л. Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Г. Қазина, ақын Әнуар Омар қатысты. Комиссия құрамына Ұлттық академиялық кітапхана, Ұлттық кітапхана, Облыстық әмбебап кітапханалар, Астана қаласының Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мамандарының, «Жансусар» жас ақындар клубының мүшелері және оқырмандар арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша алынған авторлар тізімі ұсынылды.
Талқылау барысында оқырмандардың ең көп дауысын жинаған Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді», Сайын Мұратбековтың «Басында Үшқараның...», Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» атты көркем туындылары дауысқа салынды. Жабық дауыс беру нәтижесінде Сайын Мұратбековтің «Жусан исі» және «Басында Үшқараның...» атты шығармалары ең көп дауыс жинап, жыл кітабы болып таңдалды.
Сайын Мұратбеков – қазақ прозасында орны айқын, көркемдік әлемімен баураған жазушының бірі. Жазушының шығармалары орыс, өзбек, татар, украин, белорус, грузин, әзірбайжан, литва, араб тілдерінде жарық көрген. Жазушы Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының, М. Әуезов атындағы әдеби сыйлықтың және  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Қазақтың көрнекті қаламгері Сайын Мұратбековтың шығармалары оқырмандарға кеңінен мәлім. «Жусан иісі» повесін кезінде оқырмандар жылы қабылдап, ыстық ықыласын білдірген. Қаламгер әңгімелерінің басты тақырыбы мен көтерген өзекті мәселесі - ауыл өмірі мен әлеуметтік жағдайдың өзара байланысын суреттеу арқылы кейіпкердің азаматтық табиғи болмысын, адамгершілік позициясын, рухани тазалығын, жан сұлулығын, нәзік құбылыстарын, сан қырлы қайшылықтарын, психологиялық этюдтермен өрнектеу. Осы мақсатта, ауыл адамдарының адалдығын, аңқылдақ, кіршіксіз ақкөңіл мінездерін, бауырмалдығын, ішкі ой-сезім иірімдерін, мұңы мен мұратын көркемдейді, күйкі тірлікті мінеп, оқырмандарына ой салады.
Биылғы жыл бойы еліміздің барлық кітапханалары мен мектептерінде, сондай-ақ оқу орындарында, әскери бөлімдерде аталған кітап оқылып, халқымыз, жастар жазушы шығармаларымен кеңінен танысатын болады. Сондай-ақ Сайын Мұратбековтың шығармашылығына арналған әр түрлі іс-шаралар өтеді.


Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі» атты повесінде екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы кішкентай бір ауылдағы балалардың бастан кешкен оқиғасы, көрген ауыртпашылықтары, қазақ ауылының ауыр жағдайы, халықтың басына түскен қайғы-қасірет суреттеледі. Әңгімедегі басты кейіпкер – Аян. Оған ақылдылық, ұқыптылық, мақсаткерлік тән. Аянның маңайындағы балаларға айтқан ертегілері адамға ой саларлық құндылығымен ерекше.