среда, 25 июня 2014 г.

«БІР ЕЛ - БІР КІТАП» АКЦИЯСЫ - 2014 ж.






«БІР ЕЛ - БІР КІТАП» АКЦИЯСЫ - 2014 ж.
Қазақ әдебиетін насихаттау, тарихи-мәдени және рухани мұрамызды сақтау, жастарды отаншылдыққа, өнегелілікке тәрбиелеу, сондай-ақ, оқырмандарды әдеби-көркем кітаптарды оқуға, кітапханаға тартуға бағытталған «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы биыл сегізінші рет ұйымдастырылуда.
Академик Ғарифолла Есімнің төрағалығымен өткен талқылауға ұйымдастыру комитетінің мүшелері  – ҚР Парламенті Сенатының депутаты, жазушы Жабал Ерғалиев, жазушы, профессор Тұрсын Жұртбай, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің проректоры, профессор Дихан Қамзабекұлы, жазушы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының төрағасы Несіпбек Айтұлы, «Қазақстан» ТРК төрайымы Нұржан Мұхамеджанова, Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры Әлібек Асқар, «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары, ғалым Жарасбай Сүлейменов, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы, ақын Амантай Шәріп, аудармашы-жазушы, Мәдениет қайраткері Ақайдар Ысымұлы, Л. Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Г. Қазина, ақын Әнуар Омар қатысты. Комиссия құрамына Ұлттық академиялық кітапхана, Ұлттық кітапхана, Облыстық әмбебап кітапханалар, Астана қаласының Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мамандарының, «Жансусар» жас ақындар клубының мүшелері және оқырмандар арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша алынған авторлар тізімі ұсынылды.
Талқылау барысында оқырмандардың ең көп дауысын жинаған Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді», Сайын Мұратбековтың «Басында Үшқараның...», Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» атты көркем туындылары дауысқа салынды. Жабық дауыс беру нәтижесінде Сайын Мұратбековтің «Жусан исі» және «Басында Үшқараның...» атты шығармалары ең көп дауыс жинап, жыл кітабы болып таңдалды.
Сайын Мұратбеков – қазақ прозасында орны айқын, көркемдік әлемімен баураған жазушының бірі. Жазушының шығармалары орыс, өзбек, татар, украин, белорус, грузин, әзірбайжан, литва, араб тілдерінде жарық көрген. Жазушы Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының, М. Әуезов атындағы әдеби сыйлықтың және  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Қазақтың көрнекті қаламгері Сайын Мұратбековтың шығармалары оқырмандарға кеңінен мәлім. «Жусан иісі» повесін кезінде оқырмандар жылы қабылдап, ыстық ықыласын білдірген. Қаламгер әңгімелерінің басты тақырыбы мен көтерген өзекті мәселесі - ауыл өмірі мен әлеуметтік жағдайдың өзара байланысын суреттеу арқылы кейіпкердің азаматтық табиғи болмысын, адамгершілік позициясын, рухани тазалығын, жан сұлулығын, нәзік құбылыстарын, сан қырлы қайшылықтарын, психологиялық этюдтермен өрнектеу. Осы мақсатта, ауыл адамдарының адалдығын, аңқылдақ, кіршіксіз ақкөңіл мінездерін, бауырмалдығын, ішкі ой-сезім иірімдерін, мұңы мен мұратын көркемдейді, күйкі тірлікті мінеп, оқырмандарына ой салады.
Биылғы жыл бойы еліміздің барлық кітапханалары мен мектептерінде, сондай-ақ оқу орындарында, әскери бөлімдерде аталған кітап оқылып, халқымыз, жастар жазушы шығармаларымен кеңінен танысатын болады. Сондай-ақ Сайын Мұратбековтың шығармашылығына арналған әр түрлі іс-шаралар өтеді.


Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі» атты повесінде екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы кішкентай бір ауылдағы балалардың бастан кешкен оқиғасы, көрген ауыртпашылықтары, қазақ ауылының ауыр жағдайы, халықтың басына түскен қайғы-қасірет суреттеледі. Әңгімедегі басты кейіпкер – Аян. Оған ақылдылық, ұқыптылық, мақсаткерлік тән. Аянның маңайындағы балаларға айтқан ертегілері адамға ой саларлық құндылығымен ерекше.

Комментариев нет:

Отправить комментарий