среда, 27 ноября 2013 г.

Қазақстан Республикасы журналистер одағының мүшесі Бохай Қожырұлы
                
                     Фаризаға
Жырың тәтті, үнің тәтті шекерден,
Қазақ қызы деген туды көтерген
Әйелдердің мұң-мұқтажын сырларын,
Жырға  қосып  жүрген  жоқсың  бекерден.

Тағдырлассың, өлеңменен, күйменен,
Ер жүрексің, ханға басын имеген.
Жаның таза, арың таза перизат,
Көлгірсуді, кісімсуді білмеген.

Табиғаттан жаралсаң да нәзік боп,
Жырларың жүр жас ұрпаққа азық боп.
Поэзия әлемінде қазақтың,
Жарқырайсың мәңгі темір қазық боп.

Батыр дейміз, ақын дейміз – өзіңді,
Күйші дейміз – толқытатын сезімді.
Сені көрсем еске аламын еріксіз,
Сол бағы мөлдіреген кезіңді.

Тұлпарымсың құрық, ноқта кимеген,
Әділдіктің жүгін алға сүйреген.
Келесің сен туын көкке көтеріп

Кезде адамнан ар мен ұят сиреген.

вторник, 26 ноября 2013 г.

«Бір ел-бір кітап» акциясы шеңберінде – ақын, облыстық «Мәдениет мінбері» журналының бас редакторы Азамат Есалының Фариза Оңғарсыноваға арнауы
Том-том боп сөрелерде тұрмасақ та,
Шаң басқан архивтерден табылармыз.
                                 Мұқағали
Фариза Оңғарсыноваға арналады
Шаң-шаң боп архивтерде жатпадыңыз,
Жыр-тұлпарды жаратып баптадыңыз.
Қарын қамын күттеген ағам сынды,
Әкімдердің есігін қақпадыңыз.

Шаң-шаң болып жатқан жоқ жазғаныңыз,
Шемен елдің шер мұңын қозғадыңыз.
Жаралы жүректерге жылу беріп,
Саналы кеуделерде маздадыңыз.

Болмаса сөрелерде тұрмадыңыз,
Жүректерді жылытты жырларыңыз.
Алты алашқа таусылмас азық болды,
Бағбан болып баптаған жыр - бағыңыз.

Дүкендерден көрмедік сөрелерден,
Бірге жасап келеді өлең елмен.
Еліңіздің отырсыз ортасында,
Табақтас боп ағам жүр төрелермен.

Жырдан тарту тартыңыз халқыңызға,
Алаңдаумен келесіз артыңызға.
Менің ағам секілді жершіл болмай,
Ортақ болып отырсыз жалпымызға.

Тарау - тарау болса да жолдарыңыз,
«Әдебиет - ардың ісін» қорғадыңыз.
Махамбеттің асынып жыр семсерін,
Ақиқатты айтудан таңбадыңыз.

Сіздей-ақ болар бәлкім жасын нағыз,
Сіз дауылсыз сондықтан басылмаңыз.
Ағам сынды әкімнің жанында емес,

Бабаң сынды халықтың қасындасыз.